Қылмыстық кодекске бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүргендерге қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін жаңа бап енгізу көзделіп отыр. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған заң жобасында жазылған.

428-1-бап. Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде, тергеу изоляторларында және уақытша ұстау изоляторларында техникалық құралдар мен құрылғыларды заңсыз беру, жеткізу, сақтау немесе пайдалану:

Қылмыстық-атқару жүйесі, тергеу изоляторы немесе уақытша ұстау изоляторы мекемесінің аумағына кез келген тәсілмен мобильді байланыс құралын, фототүсірілім, аудио - немесе бейнежазба құралдарын, телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалануға мүмкіндік беретін құрылғыны заңсыз жеткізу 1 000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ал оларды қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде, тергеу изоляторында немесе уақытша ұстау изоляторында отырғандар заңсыз сақтау және пайдаланғаны үшін, оларға құрылғыларды заңсыз бергені үшін 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. 


Оқи отырыңыз: Интернетті тұншықтырған түрмелер: Тараз тұрғындары тағы шу көтерді


Әділет министрлігінің түсіндіруінше, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері мен изоляторларында байланыс құралдарын қолдану режимді сақтауға теріс әсер етеді. Заңсыз алынған құрылғылар алаяқтық жасау, серіктестермен және діни радикалдармен байланыс орнату, сахналау мен заңсыз талаптарды жазу және тарату үшін қолданылады.

"2020 жылы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 3 мыңнан астам мобильді құрылғы тәркіленді. 2021 жылы тек бір мекемеде ағаш материалдарын түсіру кезінде 137 ұялы телефон табылды. 2020 жылдың басында Ұлттық қауіпсіздік комитеті ШҚО-дағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жатқан сотталушының ұялы телефоны арқылы басшылық жасамақ болған лаңкестік әрекеттің жолын кесті", – делінген министрлік түсіндірмесінде.

Осыған байланысты жазасын өтеушілерге мобильді, ұялы, радио, Спутниктік, интернет байланысы құралдарын, сондай-ақ түсіру мен жазудың техникалық құрылғыларын жеткізу және беру үшін қылмыстық жауапкершілік белгілеу ұсынылады. Осындай құрылғыларды сақтағаны және пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы керек.