Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен Кеңес Одағының батыры, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты қолбасшысы, әскери стратег және белгілі жазушы Бауыржан Момышұлының 111 жылдығына орай түрік ғалымы Ашур Өздемірдің "Түркістанның от баласы Бауыржан Момышұлы" атты кітабының тұсаукесері өтті.

Жиында сөз сөйлеген Елші Абзал Сапарбекұлы биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы екенін және еліміздің егемендігін алғаш болып мойындаған бауырлас Түркияның орнының ерекше екеніне назар аударды. Осыған байланысты Елші Түркияда көптеген іс-шаралардың өткізілгенін еске салып, бүгінгі іс-шараның да тәуелсіздік мерейтойына және қазақтың біртуар батыры әрі жазушысы Бауыржан Момышұлының рухына тағзым және оның  111 жылдығына тарту екенін айтты.


Оқи отырыңыз: "Бауыржан Момышұлы тұлғасы әлі де зерттеуді қажет етеді". Мұрағаттағы сирек суреттер


Момышұлының батырлығына, шебер қолбасшылығына тоқталған Елші "Момышұлы Кеңес одағы азаматы және Қызыл армия қолбасшысы. Дегенмен де ол өмір бойы ұлттық болмысын сақтап, ұлттық рухын биік көтеріп өткен өз халқының бел баласы. Сондықтан ол сол кезеңде жаппай қолданылатын –ов жұрнағын тегіне алмай, ұлы сөзін қолданып, "Момышұлы" тегін мақтанышпен алып жүрген нағыз қаһарман", – деп атап өтті.

Еске сала кетсек, Ашур Өздемірдің қазақ тілі мен әдебиеті және мәдениетіне байланысты мақалалары ғылыми журналдар мен баспасөз беттерінде жарияланып тұрады. Сонымен қатар, Өздемірдің Абай Құнанбайұлы, Әлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұлов, Шерхан Мұртаза сияқты белгілі жазушылардың шығармалары туралы зертеп жүрген ғалым екенін атап өту керек.