Түркістан облысының үш ауылын сумен қамтитын канал бөлігі қайта іске қосылды
Жөндеу-құрылыс жұмыстары 3 күнге созылды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі Келес ауданындағы диқандардың су мәселесі шешілгенін хабарлады. Ауданға қарасты Солтүстік Ташкент каналындағы тоспалы су құрылымында болған апат салдары жойылып, бүгін су қайта беріле бастады.
Солтүстік Ташкент каналы Өзбекстан Республикасы аумағынан бастау алады. СТК каналы Өзбекстан Республикасы теңгерімінде. Қазақстан Республикасы аумағынан 19,2 шақырымы ағып өтеді. Келес ауданының Жүзімдік, Бірлесу және Ақтөбе ауылдық округтерінің жалпы 2922 гектар егіндік жерлерін сумен қамтиды.
Жүзімдік ауылдық округі аумағынан өтетін Солтүстік Ташкент каналындағы тоспалы су құрылымында (сарқырама) биыл 9 наурызда апатты жағдай болды. Жөндеу және құрылыс жұмыстары қолға алынды. Өзбекстан Республикасының "Боз-су" ирригация мекемесімен бірлесіп, биылғы жылдың 31 наурызында құрылыс жұмыстары басталып, 2 сәуір күні толық аяқталған. Жөндеу-құрылыс жұмыстарында құйылған бетон қаптамалары ағын су өткізуге 2024 жылдың 5 сәуір күні толық дайын болды.
Шаруаларға су беріліп, мәселе шешілді.