Түркістан облысында жұмыссыз қалған балабақша тәрбиешілері аштық жарияламақ
Ауылдағы мемлекеттік жалғыз балабақша бұған дейін бұрынғы емхана ғимаратында орналасқан.Түркістан облысындағы балабақша тәрбиешілері тағы да аштық жарияламақ. Өйткені жергілікті билік мектепалды дайындық тобы жабылған соң бөбекжай қызметкерлерін шетінен қысқартып жатыр. Бұл шешімге ата-аналар да үзілді-кесілді қарсы. Олар ұл-қызын жекеменшік балабақшаға бергенге қаражаты жоқ екенін айтады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Балам бес жасқа енді толды. Қызымның өзі әлсіз. Анимиялық есепте тұрғанына байланысты мен оны мектепке жібере алмаймын. Бір жас кеш берсем де, дәл қазір мектепке жіберуге дайын емеспін. Енді қайда барамын?!" – деді Қараспан ауылының тұрғыны Жазира Исмад.
Оқи отырыңыз: "Баламыз кесірткі, жыланмен ойнап жүр". 5 мың отбасы тұратын аудан тұрғындары балабақша сұрады
Ауылдағы мемлекеттік жалғыз балабақша бұған дейін бұрынғы емхана ғимаратында орналасқан. Бірақ нысанды апатты деп таныған жергілікті билік маусым айында 150 баланы мектепке көшірген. Содан бері оқушылар мен бүлдіршіндер бір нысанда жүр.
"Қандай күрес пен аштық? Қаншама балабақша қызметкерлері шырылдап жүріп аштық жариялады. Түркістан облысының білім бөлімінде отырып бір күн аштық жариялаған болатынбыз. Ашқанымен, бір аптадан кейін барып қарасақ, базада нөл болып тұр. Еңбек жалақымыз төленбеген", – деді тәрбиеші Айгүл Бакиова.
Жиналғандардың жанайқайын тыңдауға білім бөлімінің өкілдері де келді. Жауаптылар тәрбиешілерді жұмыссыз қалмайсыңдар деп жұбатты.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда Google, Amazon үлгісі бойынша корпоративтік балабақшалар ашылмақ. Оның ерекшелігі неде
"Біздің тараптан, білім бөлімі тарапынан қысқарған қызметкерлердің барлығына тиісті мамандықтарына сәйкес осы ауылда орналасқан мектептер, көрші ауылда орналасқан мектептерге жұмысқа орналастыру жағын қарастырып жатырмыз", – деп сендірді Ордабасы аудандық білім бөлімінің әдіскері Мұхитбек Сәрсенбеков.
Алайда, қысқартуға ұшыраған 11 маман балабақшадан кетсе далада қалатынына сенімді. Өйткені мектепке екі сағатқа ешкім баласын жібермейді. Ал бұған дейін білім ошағының ғимаратына балабақшаны өз еркімен көшірген ақ жағалылар енді оның санитарлық талапқа сай келмейтінін айтып отыр. Сондықтан 4 топты ғана қалдырып, қалғанын мектеп пен жекеменшік мектепке дейінгі білім беру мекемесіне жібермек.