Тұрғын үй субсидиясына кімдер ие болады?
Биылғы мамырда Қазақстанда 70 мың адамға қолдау көрсететін жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады.Оның негізгі тетіктері бағдарлама іске қосылатын уақытқа қарай нақтыланады.
"Бұл мәселе толығымен "Отбасы" банкіне беріліп, ол барлығын орталықтандырылған жүйемен кезекке қабылдайды. Жалға беруші мен екеуінің арасында ортақ келісім болады. Сол келісімді бізге өткізгенде мемлекет шығынның 50 пайызын өтейді", – деді ИИДМ құрылыс ТҮКШ істері комитетінің басқарма басшысы Әзімбек Нәлібаев "Қазақстан" арнасына берген сұхбатында.
Алдын ала ақпарат бойынша, төлемді алу үшін ЭСҚ арқылы "Отбасы" банкінің "Баспана маркет" платформасына кіріп өтініш беру қажет. Өтініш қабылданған жағдайда арнайы шот ашып, сол шотқа жалға алатын соманың 50 пайызын салады. Мемлекет өз кезегінде аталған шотқа төлемнің 50 пайызын аударады.
Оқи отырыңыз: Мемлекет мұқтаж азаматтарға баспананың жарты ақысын төлеп береді
Отбасында 3 адам болса – 40 шаршы метрлік, 5 адамға – 60 шаршы метрлік, 6 адамнан асса – 80 шаршы метрлік үйді жалдауға болады. Алайда экономистер халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін мұның тиімді тәсіл еместігін айтады.
"Мемлекет шиеленіскен әлеуметтік жағдайды басу үшін осындай қадамға барған шығар деп ойлаймын. Бірақ ол жыл сайын тұрақты түрде болатын болса, онда жыл сайын 50 млрд теңге бөлу керек болады. Ертең ең төменгі күнкөріс деңгейі 60-70 мың теңгеге дейін өссе, онда көмек керек 70 мың адам саны 150 мың болып өзгеруі мүмкін. Ал мемлекет тағы да қосымша 50-100 миллиард теңгеден астам қаржы бөлуге дайын ба деген сұрақ туындайды", – деді экономист Мақсат Халық.
Сондай-ақ, экономист мұның қала бойынша жалгерлік төлемнің өсуіне алып келуі мүмкін екенін айтты.
Еске салсақ, тұрғын үй кезегіне енді тек Egov порталы арқылы тіркелуге болатыны туралы хабарлаған едік. Бұл үшін ЭЦҚ болса жеткілікті.