"Тұратын орын мен тамақ тегін". Қазақстандықтар неге шетелге көшуге бейім?
Өткен жылы республикаға 11 мың адам келді.Елден 32 мыңнан астам азамат кетті. Ал соңғы 15 жыл ішінде 400 мыңнан астам адам шетелде оқып, жұмыс істеуді жөн санайды. Осы орайда, 31-арна тілшісі мұның себебі неде екенін анықтап көрді.
"Тамақ, тұратын орын, коммуналдық төлемге ақша жұмсамайтындықтан, бұл жерде жұмыс істеу мүмкіндігі бар", - деді Түркияда аниматор болып жұмыс істеп жүрген Жәмилә Селибаева.
Қазақстандықтар қаражат табу үшін Ресей, Германия және Оңтүстік Кореяға жиі барады. Көбіне 25-40 жас аралығындағы азаматтар елден көшуге бейім. Олар шетелде жалақы жоғары екенін айтады.
"Егер олар ресми жолдармен баратын болса, ары қарай да барған жерінде жұмыс істеу мерзімін ұзартады. Ал кейбіреуі заңсыз барып та, сол жерде қалып қояды. Шамамен бір жылға қалады", – деді жұмыспен қамтамасыз ету агенттігінің жетекшісі Абай Сәкенов.
Оқи отырыңыз: Гастербайтердің бір күндік айлығы – 50 доллар. Қазақ жастарының шетелге қара жұмысқа ағылуы жөн бе?
Осы жылдың алғашқы екі айында елден үш жарым мыңнан астам қазақстандық кетті. Олардың көбісі қара жұмысшы, IT маман, дәрігер және педагогтер.
"Адам кәмелеттік жасқа толған соң, біз оны басқа мемлекетке сыйға береміз. Көз алдыларыңызға елестетіп көріңіздерші. Азаматты өсіру үшін барлық шығынды Қазақстан көтерді. Дайын салық төлеуші, дайын маман ретінде жемісін басқа мемлекеттер көреді", – деді стратегиялық коммуникация агенттігінің жетекшісі Нұркен Халықберген.
Миграцияның жоғары екеніне қарамастан, керісінше Қазақстанға келіп қалып қоятындар да көп. Өткен жылы республикаға 11 мың адам келді. Қазіргі қиын геосаяси жағдайда Қазақстан ресейліктер үшін де тартымды болып отыр. Аталған мемлекеттен 24 ақпан мен 31 наурыз арасында 103 383 адам келді. Кейбіреуі уақытша.