"Тұмшаланып жүруге болмайды". Қырғызстанда никаб киюге тыйым салынды
Қырғызстанда никаб киюге тыйым салынды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ел президенті Садыр Жапаров қызу пікірталас тудырған жаңа заңға қол қойды.
Жаңашылдыққа сәйкес, қоғамдық орындар мен мемлекеттік мекемелердің ішінде тұмшаланып жүруге болмайды. Сонымен қатар әскери бөлімдерде, түзету мекемелерінде, қарттар мен мүгедектерге арналған үйлерде діни іс-шаралар өткізу заңға қайшы.
Түрлі деңгейдегі депутаттыққа үміткерлер бұдан былай сайлау алдындағы үгіт-насихат кезінде де діни мазмұндағы мәліметтерді айта алмайды.
Діни негізде саяси партиялар құруға да шектеу қойылған. Өзгеріске сай діни әдебиеттерді мектептер, балабақшалар және үйлерді аралап таратуға да тыйым салынды.
Бұл талаптарды бұзғандар 20 мың сом, яғни 118 мың теңге көлемінде айыппұл арқалайды. Алайда туристер, дипломаттар мен елде уақытша тұрып жатқан шетел азаматтары жауапқа тартылмайды.
Сонымен қатар медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін және денсаулығына байланысты бетін жауып жүруге мәжбүр азаматтар да жауапкершіліктен босатылады.