Тоқаев: Жаңа саяси реформаларды күзде емес, наурыздың ортасында халыққа жолдауымда ұсынамын
Президент елдегі олигополияның шынайы бәсекеге кедергі болып отырғанын алға тартты.Мемлекет басшысы жаңа саяси реформаларды жүзеге асыру үшін азаматтық қоғаммен, дербес сарапшылармен ауқымды диалог жүргізу қажеттігін айтты.
"Қандай түбегейлі өзгерістер болатынын қазір айта алмаймын. Бірақ біраз өзгерістер болады. Бұл туралы мәжілісте сөйлеген сөзімде айттым. Мен бастапқыда жаңа саяси реформаларды күзде жариялаймын деп ойлағам, бірақ саяси реформаларды наурыздың ортасында халыққа жолдауымда ұсынатын болдым. Қазіргі таңда жұрт реформаларды зор үмітпен күтіп отырғанын білемін. Сондықтан, "Жаңа Қазақстанды бірге құрайық" деп үндеу жолдадым. Онда айтылған мәселелерді көпшілік қолдап отыр. Жалпы, кез келген қиындықтың артында үлкен мүмкіндіктер тұр. Қытай тіліндегі "дағдарыс" деген сөздің "жаңа мүмкіндіктер" деген мағынасы бар. Осы ретте біз де күш-қуатымызды отанымызды өркендетуге жұмсайық.
Әрине, азаматтық қоғаммен, дербес сарапшылармен ауқымды диалог жүргізу керек. Өйткені, халықтың пікірі өте маңызды. Мен "Адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін" деген ұстанымды жарияладым. Осыған байланысты Үкіметке тиісті ұсыныстар дайындауды тапсырдым", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұнымен қатар, мемлекет басшысы елдегі олигополия мәселесіне тоқталды.
"Олигополия – бұл экономика саласындағы саны шектеулі адамдардың үстемдігі деген сөз. Бізде осындай үрдіс белең алуда, көпшілік, әсіресе, кәсіпкерлер оны жақсы біледі. Бұл шынайы бәсекеге, жалпы айтсақ, әділеттілікке кедергі болып отыр. Осы мәселені шешпесек, экономикамыз дамымайды, ішкі саяси ахуал мүлдем нашарлап кетеді. Сондықтан менің басты мақсатым – экономикада болсын, саясатта болсын монополияны мейлінше жою. Одан біржола құтылған жөн. Бұл, әрине, оңай емес, бірақ міндетті түрде осы жұмысқа кірісуіміз керек. Басқа жол жоқ", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде неге интернетті бұғаттағанын түсіндірді.