Тоқаев: Үкімет пен Ұлттық банк 2023 жылы инфляцияны ауыздықтауы тиіс
Ал ЖІӨ өсімі кемінде 4 пайыз болуы не 250 миллиард долларға жетуі қажет.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Үкіметтің алдында тұрған міндеттерді атады.
"Біз экономиканы одан әрі дамытуға барынша күш салуымыз керек. Келесі жылы ЖІӨ өсімі кемінде 4 пайыз болуға тиіс. Ал, ақшаға шаққанда алғаш рет 250 миллиард долларға жетуі қажет. Ұлттық банк пен Үкіметтің алдында тағы бір маңызды міндет тұр. Бұл – инфляцияны ауыздықтау. Тұрмысы төмен тұрғындарға оның қатты тиетіні анық. Осы мәселені шешпесек, экономиканы өркендету мүмкін емес. Халықтың әл-ауқатын арттыру және елге инвестиция тарту қиынға соғады", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ, жаңа өндірістер салып, жұмыс орындарын ашу керектігіне тоқталды.
"Әсіресе, жастарды жұмыспен қамту өте маңызды. Әйтпесе, инфляцияның өсуінен азаматтарымыз үлкен зиян шегуі мүмкін. Денсаулық сақтау және білім беру жүйесіне баса назар аудару қажет. Осы орайда, барлық жоспарымыздың орындалу барысын бақылауға алу керек. Соңғы кезде кейбір аймақтарда болған төтенше жағдайлар ел ішінде қордаланған мәселе көп екенін көрсетті. Алдағы уақытта мұндай оқиғаларға жол бермеу керек. Бұл – өңірлік саясаттағы негізгі міндеттің бірі", – деді мемлекет басшысы.