Тоқаев: Сыбайлас жемқорлықпен күрес – менің стратегиялық мақсатым
Жемқорлық қылмысы үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынды.Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция форумында мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңыздылығы туралы айтты.
"Еліміздің дамуына кедергі келтіріп отырған кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық. Онымен күресу – баршамызға ортақ міндет. Бұл бағытта соңғы үш жылда біраз шаруа атқарылды. Мысалы, осындай қылмысы үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынды. Бұдан былай олардан қайтарылған қаражат мектеп салуға жұмсалады. Жемқорлықпен күрес тиімді болу үшін мемлекеттік сатып алу жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Сондай-ақ құзырлы орган басшыларының жауапкершілігі артты. Бір сөзбен айтқанда, жемқорлықпен күрес ешқашан тоқтамайды, жалғаса береді. Сонда ғана біз осы індеттен таза қоғам құрамыз. Бұл – менің стратегиялық мақсатым", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сонымен қатар қоғамда заңдылық пен тәртіптің қатаң сақталуына баса мән беретінін айтты.
"Мұны үнемі айтып жүрмін. Осы ретте, тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам және есірткі саудасы үшін жаза күшейтілді. Браконьерлікке қарсы заңдарды қатайттық. Табиғатты қорғау жұмысын мемлекеттік деңгейге көтердік. "Жұртқа жақын полиция" қағидаты бойынша тәртіп сақшыларының қызметін реформалау басталды", – деді президент.