Тоқаев: Санкциялар ЕАЭО мемлекеттерінің экономикасына қысым жасайтынын мойындау қажет
ҚР президенті одаққа мүше елдерді бұл мәселеге ерекше назар аударуға шақырды.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында сөз сөйледі.
"Халықаралық ұйымдардың болжамдары көңіл көншітпейді. Халықаралық валюта қоры 2023 жылы әлемдік экономиканың өсіміне қатысты болжамды 2,7 пайызға, Дүниежүзілік сауда ұйымы 1 пайызға дейін төмендетті. Осыған орай Еуразиялық экономикалық комиссияның дерегі бойынша, ЕАЭО-ға мүше елдердегі тұтыну бағасы өсіп келеді. Қазан айында Одақтағы инфляция деңгейі 11,5 пайызды құрады. Оның негізгі өсімі азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға тиесілі. Мұның бәрі азаматтарымыздың сатып алу қабілеті мен әлеуметтік әл-ауқатына айтарлықтай әсер етеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті санкциялық шектеулер ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің экономикасына қысым жасайтынын мойындау қажет екенін айтты.
"Сондықтан елдеріміздің комиссиялары мен үкіметтері бұл мәселеге ерекше назар аударып, санкциялық шектеулердің әсерін жеңілдету жолдарын ұсынуы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қазақстан БАӘ-мен еркін сауда аймағы туралы келісімді қолдайды