Тоқаев: Сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріледі
Президенттің айтуынша, Қазақстандағы партиялардың көпшілігінде мемлекетшілдік ұстаным бар.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат отырысына қатысып, Парламент сайлауы туралы айтты.
"Салмақты саяси күштер халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, нақты мәселелерін шешуге ерекше назар аударады. Әлеуметтік маңызы бар идеялар мен бастамаларға барынша көңіл бөледі. Еліміздегі партиялардың көпшілігінде мемлекетшілдік ұстаным бар. Бұл – жақсылықтың нышаны", – деді президент.
Мемлекет басшысы алдағы сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік берілетінін айтты.
"Жұрт жақында өз таңдауын жасайды деп сенемін. Алдағы сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріледі. Әкімдер қандай да бір саяси ұйымға жетекшілік ете алмайды. Ата заңға енгізілген өзгеріске сәйкес Президент барлық саяси күштен тысқары тұруға тиіс. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы сайлауды Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деуге болады.
"Қоғамның түрлі өкілдерінің мүддесін партиялар арқылы қорғау мүмкіндігі артады. Мұның бәрі саяси жүйенің орнықты және тиімді болуын қамтамасыз етеді", – деді президент.
Сонымен қатар мемлекет басшысы кез келген сайлауда қоғамның саяси кемелдігі сыналатынын, қоғамда пікірталас қызу жүретінін еске салды.
"Сын – азаматтық қоғамның ажырамас бөлшегі және аталған ұғым Қазақстанға да тән. Бұл – менің берік ұстанымым. Қоғамды трансформациялау және жаңғырту жөнінде қабылдаған шараларымыз халықтың мұң-мұқтажын шешуге бағытталған. Реформалар одан әрі жалғасады", – деді мемлекет басшысы.