Тоқаев: Қытайға қарай "Аягөз – Бақты" темір жолы іске қосылады
Темір жол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады.Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды. Сиань қаласындағы қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелі кезінде мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттықты жоғары деңгейге шығаруға көмектесетін "Аягөз – Бақты" темір жолының іске қосылатынына тоқталды.
Мұнымен қатар, президент әлемдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
"Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке – 31 миллиард долларға жетті. Қытай Қазақстан экономикасына қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Құйылған инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард доллардан асты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай дөңгелек үстелінде келесі нәтижелер мен жоспарларды жария етті:
- Біздің еліміз Қытайдың "Бір белдеу – Бір жол" бастамасын жүзеге асыру ісінде негізгі серіктестің бірі болып отыр. Қытай Батыс Еуразияның ауқымды нарықтарына Қазақстан аумағы арқылы шыға алады.
- Біз Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығын салуға баса мән беріп отырмыз. Орталық Азияға, Еуропаға, Түркия мен Иранға контейнер пойыздарын тікелей жөнелту барысында осы орталық негізгі хаб болады.
- Біз Қытайға қарай "Аягөз – Бақты" темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. "Достық – Мойынты" арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда темір жол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады.
- Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды деп санаймын. Бұл бағыттың болашағы зор. Өйткені, Қытайдан Еуропаға апаратын төте жол – осы. Оның ұзындығы "Солтүстік дәлізден" 2,5 мың шақырымға қысқа.
- Қазақстан Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерімен бірлесіп, бірыңғай тариф саясатын қалыптастыруға кірісті. Сонымен қатар, ортақ цифрлық платформа жасалады. Осы дәліз арқылы жүк тасымалдаудың басқа да мәселелері шешімін табады.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қазақстанда Қытайдың ірі техникалық университетінің филиалын ашуға мүдделіміз
- Қазақстан қытай туристері үшін тартымды бағыттың бірі бола алады. Отыз күнге дейін визасыз жүру туралы Үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл қадам елімізге Қытайдан туристердің көптеп келуіне жол ашары сөзсіз.
- Жаңа туристік бағыттар ашып отырамыз. Қазір Қазақстанның 13 қаласына "Ашық аспан" режимі енгізілді. Сондай-ақ, 80 мемлекеттің азаматына визасыз келуге рұқсат берілді.
- Қазір "Астана" халықаралық қаржы орталығында 73 елдің 1 800-ден астам компаниясы тіркелген. Оның оннан бірі – Қытай компаниялары. Бұл – басқа елдермен салыстырғанда ең жақсы көрсеткіш.
- Жалпы, біздің елдегі инвестициялық ахуал өте жақсы. "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы шетелден инвестор шақырып, оларға "бір терезе" қағидаты бойынша көмек көрсетеді. Мемлекет басымдық берілген жобаларды барынша қолдауға дайын.