Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады
Президент Қазақстанды көркейтуге өз үлесін қосып жүрген азаматтарға алғыс айтты.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқын Алғыс айту күнімен құттықтады.
"Бұл – береке-бірлігімізді бекемдей түсетін мереке. Осы күні еліміздің азаматтары бір-біріне ерекше ілтипат көрсетіп, ризашылығын білдіреді. Сондай-ақ татулық, ынтымақ, достық сынды қастерлі құндылықтар жан-жақты дәріптеледі. Мұның бәрі ұлтты ұйыстырудың ұтымды жолы екені сөзсіз. Халқымыздың уақыт сынынан өткен жанашырлық, қамқорлық, мейірімділік сияқты асыл қасиеттері, әсіресе қиын-қыстау кездерде айқын көрінеді", – деді президент.
Оқи отырыңыз:
- Алғыс айту күні: Алматыда мереке құрметіне қандай іс-шаралар өтеді?
- 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Астанада қандай шаралар болады
Ол Қазақстанда ауқымды өзгерістер болып, Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасалып жатқанын еске салды.
"Осындай сындарлы сәтте елдік мүддені бәрінен биік қойып, ырыс-ынтымағымызды сақтау өте маңызды. Біз озық ойлы ұлт ретінде көздеген барлық биік мақсаттарға қол жеткізетінімізге кәміл сенемін. Осы орайда тынымсыз тер төгіп, Қазақстанды көркейтуге өз үлесін қосып жүрген азаматтарға алғыс айтамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.