Тоқаев: Қапшағайға Қонаевтың есімін беру туралы ұсыныс болса, мен қолдаймын
Қапшағай Алматы облысының орталығы болады.Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында Алматы облысын екіге бөліп, Жетісу және Алматы облыстарын құруды ұсынды. Алматы облысының орталығы Қапшағайда, ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады.
"Біз ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атауларына ұлы тұлғалардың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз. Мәселен, Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевпен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын. Мен мұның бәрін азаматтардың ұсыныс-пікіріне сүйеніп айтып отырмын", – деді Мемлекет басшысы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында.
Тоқаев жергілікті тұрғындар жаппай қолдаса осы бастамаларды таяу арада жүзеге асыруға болады деп санайтынын жеткізді.