Тоқаев: Мамырда азаматтардың нақты табысы -2,9 пайыз болды, мұндай құлдырау көптен бері болған емес
Оның сөзінше, халықтың табысын арттыру бағдарламасының жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы.Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан ҚР үкіметінің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы бірқатар өңірлерде халықтың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейтінін айтып, әкімдерге жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуды тапсырды.
"Соңғы жылдары халықтың табысы біртіндеп өсті. Былтыр бұл өсім 5 пайыз шамасында болды. Бірақ, Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кетті. Биыл мамыр айында азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайыз болды. Мұндай құлдырау көптен бері болған емес", – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданғанын, бірақ оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы екенін атап өтті.
"Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауға тиіс", – деді мемлекет басшысы.