Тоқаев: Климаттық дағдарыс алапат миграциялық нөпірдің катализаторына айналуы мүмкін
Мемлекет басшысының айтуынша, ол әскери қақтығыстарға да ұласуы мүмкін.Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтіп жатыр. Жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық өлшемнің маңызы артқанын тілге тиек етті. Бұл туралы Борт №1 Telegram арнасы хабарлады.
"Климаттың өзгеруі уақыт өткен сайын болжап білуі қиын, әрі зардабы ауыр табиғат апаттарына алып келеді.2021 жылы Азияда мұндай жағдайлардан 57 миллион адам зардап шекті. 2050 жылға қарай Азия экономикасына осындай табиғи катаклизмдерден келетін ықтимал залал ЖІӨ-нің 26 пайызына дейін жетуі мүмкін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ел президенті таяуда Пәкістанда болған жойқын су тасқынын еске салып, орасан зор гуманитарлық апатқа ұшыратқанын атап өтті.
"Осындай қиын кезде біз Пәкістан халқымен және үкіметімен бірге екенімізді тағы да дәлелдедік. Климаттық дағдарыс әскери қақтығыстарға алып келіп, алапат әрі басқаруға келмейтін миграциялық нөпірдің катализаторына айналуы мүмкін", – деді мемлекет басшысы.