Тоқаев Елбасының кемшіліктері болса, одан жас басшылар сабақ алуы қажеттігін айтты
Президент Қаңтар оқиғасы өзі үшін де үлкен сабақ болғанына тоқталды.Мемлекет басшысы халық наразылығының астарында өткір әлеуметтік мәселе жатқанын айтты.
"Халықтың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен. Бұл – ақиқат. Мемлекеттің тұтас байлығы аз ғана топтың қолында. Теңсіздік белең алуда. Наразылықтың түп-тамыры осыдан басталды. Бұл мәселе туралы мен Парламентте, басқа да жиындарда айттым", – деді президент.
Азаматтардың наразылығын лаңкестер мен қылмыскерлер пайдаланып кеткеніне тоқталған президент әлеуметтік желіде Нұрсұлтан Назарбаев туралы әртүрлі ойлар айтылып, жазылып жатқанына тоқталды.
"Мен мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 30 жылдық еңбегін жоққа шығаруға болмайды деп ойлаймын. Тарихқа қиянат жасамау керек. Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекетіміздің іргесін қалаған, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосқан тұлға. Оның қызметіне әділ баға беруге міндеттіміз. Тұңғыш президенттің кемшіліктері болса, одан жас басшылар сабақ алуы қажет. Қаңтар оқиғасы елімізге де, менің өзіме де үлкен сабақ болғаны сөзсіз. Тиісті қорытынды жасалды. Қазір елімізде болып жатқан саяси шешімдер − соның нәтижесі. Алдымызда өте көп жұмыс бар. Мұны барлығы көріп, біліп отыр деп ойлаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.