Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 15-ші БРИКС саммиті аясында өтіп жатқан мемлекеттер басшыларының "БРИКС Плюс" диалогы отырысында сөз сөйледі. Ол өз сөзінде "БРИКС Плюс" құрамындағы елдерді Қазақстанда өтетін ШЫҰ цифрлық форумына қатысуға шақырды.

"Біз бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің БҰҰ Жарғысына негізделген лайықты формуласын іздеуіміз керек. Осы мақсатта мен биылғы ШЫҰ саммитінде "Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы" бастама көтердім. Бұл бастама жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау ісін ілгерілетуге, сондай-ақ анағұрлым рационалды әлемдік саяси және экономикалық тәртіпті қалыптастыруға бағытталған. "БРИКС және "БРИКС Плюс" құрамындағы серіктестер ортақ игілік үшін осы бастаманы жүзеге асыру ісінде бірлесе әрекет ете алар еді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, ШЫҰ, БРИКС және БРИКС Плюс құрамындағы елдер өте маңызды саналатын цифрлық орта, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік салаларындағы әлеуеттерін біріктіріп, ақпарат алмасуды кеңейткені жөн.


Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Әлемдегі азық-түлік ісіне саясатты араластырмуымыз керек


"Келер жылы Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының цифрлық форумы өтеді. "БРИКС Плюс" аясындағы серіктестерімізді осы маңызды шараға қатысуға шақырамын", – деді Қазақстан президенті.