Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөнінде жұмыс кеңесін өткізді. Жиынға премьер-министр, ведомстволардың басшылары, қалалар мен облыстардың әкімдері қатысты.

Үкімет коронавирус індетіне қарсы күрес жөніндегі шаралар туралы есеп берді. Сондай-ақ, өңірлердегі жалпы жағдайды жақсартуға және Қазақстан азаматтарының денсаулығын сақтауға бағытталған үйлесімді іс-қимылдар жоспары қабылданды.

Осы орайда мемлекет басшысы вакцина алғысы келмейтін азаматтармен жұмысты олардың әрқайсысының ерекшелігін ескере отырып жүргізуді тапсырды. 

"Бұл топта әртүрлі адам бар. Олардың вакцинадан бас тарту себебі де әртүрлі. Мұндай адамдардың ішінде әлі таңдау жасап үлгермегендері де бар. Оларды әртүрлі жолмен, соның ішінде әлеуметтік желі арқылы көндіруіміз қажет. Батыстағы кей мемлекет көндіруден міндеттеу амалдарына көшіп жатыр. Ірі еңбек ұжымдарындағы кей жағдай болмаса, біз олай жасамаймыз. Бір топ "қайтпас антиваксерге" бола еңбегімен отбасын асырап отырған азаматтардың денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сондай-ақ, президент вакцинаны өңірлерге жеткізу және оларды сақтау мәселесіне тоқталды. 

"Бірнеше айдың ішінде жаңа инфекциялық ауруханалар салынды, қажетті құрал-жабдық сатып алынды, дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Медицина қызметкерлерін де оқыттық. Енді осының бәрін дұрыс әрі тиімді пайдалануымыз керек", – деді мемлекет басшысы. 

Еске салсақ, Қазақстанда екпе алған 4,8 миллионға жуық адамның 0,06 пайызы ғана коронавирус жұқтырғаны туралы хабарлаған едік.