Тоқаев: Бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді
Олардың орнын жаңа кадрлар – тиімді жұмыс істейтін технократтар басады.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік қызметке "өз" адамдарын тағайындайтын басшыларды сынады.
"Министрлер және әкімдер өзіне қолайлы адамдарды ғана қызметке тағайындайтын әдетті доғаруға тиіс. Министрліктердің өзінде "керек адамын" тағайындау үшін заң талаптарын аттап өтетін немесе қалауынша өзгертіп алатын жағдайлар бар. Бұл әрекеттер барлық жерде кездеседі. Жер инспекциясы, құқық қорғау саласы, ревизиялық комиссия және басқа да бақылау органдары жергілікті биліктің ықпалында болмауы керек. Әділ бәсеке болмаса, кәсіби мамандар мемлекеттік қызметке қызықпайды", – деді президент.
Тоқаев келер жылы орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадрлық өзгеріс жасайтынын, бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келетінін айта кетті.
"Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет. Дарынды жастар мемлекеттік қызметке келуге құлықсыз. Аймақтарда тек сол өңірдің азаматтары жұмыс істеуі керек деген қасаң түсініктен арылу керек. Адамның білікті болуы оның туған жеріне байланысты емес. Жұмыстың нақты нәтижесімен ғана бағаланады", – деді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы квазимемлекеттік секторда тәртіп орнататын кез келгенін айтты.
"Корпоративтік басқарудың икемді болуы – ойыңа не келсе, соны істеу деген сөз емес. Азаматтарды қызметке тағайындау барынша ашық және әділ болуға тиіс. Себебі, бұл – ең алдымен, халыққа тиесілі мекемелер. Президент әкімшілігі мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы тағайындауларды үнемі бақылауда ұстап отыруы керек. Жеке адамдардың мүддесін көздейтін кез келген әрекетке тосқауыл қойылуға тиіс. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жеке сектордағы білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту үшін қолайлы жағдай жасауы қажет. Елімізді өркендетеміз десек, бәріміз бір ел болып күш жұмылдыруымыз керек", – деп сөзін түйіндеді президент.