Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты, деп хабарлады Ақорда.

"Көк байрағымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – күллі халқымызға қастерлі нышандар. Біз үшін тәуелсіздік – ең қымбат құндылық, ал туымыздың асқақ желбірегені – аса биік мәртебе. Батыр бабаларымыз сын сағатта әрдайым бір тудың астында жиналған.  Бөрілі байрақ күллі түркі жұртын біріктірген. Абылай ханның ақ туы бүкіл қазақтың басын қосқан. Алаш туы арыстарымыздың жігерін жанып, намысын қайраған. Біз бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келеміз. Байрағымыз Біріккен ұлттар ұйымының төрінде тұр. Оны ғарышкерлеріміз көк жүзіне көтерді. Альпинистеріміз әлемнің ең биік шыңдарына орнатты. Спортшылар жеңіс тұғырынан желбіретіп, Әнұранымызды шырқатты. Күллі әлем қазақ елін көк байрағына қарап танитын болды", – деді мемлекет басшысы.

Фото: Ақорда

Оқи отырыңыз: Мемлекеттік рәміздер жайлы қызықты деректер


Президент қастерлі нышандарымызды құрметтеу әрбір азаматтың перзенттік парызы екеніне назар аударды.

"Біз асыл құндылықтарымызды аяқ асты етуге жол бермейміз. Биыл мемлекеттік рәміздерді қорлаған адамдарды жазалау шаралары күшейтілді. Түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Отаншылдық мемлекеттік рәміздерді қастерлеуден басталады. Біз ұлттық нышандарымызды ұлықтау арқылы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетеміз. Оларды отансүйгіштік, жасампаздық рухта тәрбиелейміз. Сондықтан бүгінгі салтанатты рәсімнің тағылымдық, тәрбиелік мәні айрықша", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: Ақорда

Салтанатты рәсім барысында жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қазақстан президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды.