Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесуі кезінде су тасқыны болғанда халыққа көмектескен құтқарушылар мен еріктілердің ерен еңбегі туралы сөз қозғады. Сондай-ақ су тасқынын алдын алу мәселесіне тоқталды. 

"Құтқарушыларымыздың үйлесімді әрі шұғыл іс-әрекеті мемлекетіміз үшін адам өмірі ең жоғары құндылық екенін нақты көрсетті. Біз бұл қиын сынақтан азаматтарымыздың бірлігі мен ынтымағының, бір-біріне жанашырлығының арқасында сүрінбей өттік. Халқымыздың бірлігінің айқын дәлеліне айналған еріктілердің ерен еңбегі ерекше құрметке лайық. Олар еліміздің түкпір-түкпірінен су басқан өңірлерге барып, бөгендер салды. Халықты эвакуациялауға атсалысып, зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек жеткізді. Біздің еріктілер күн сайын жоғары азаматтық жауапкершіліктің, жанашырлық пен көмек көрсетудің және дүниені жақсартуға деген шынайы ұмтылыстың үлгісін көрсетіп келеді", – деді ол. 

Сондай-ақ ол Алматыдағы сейсмология институтының ғалымдары адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп келгенін айтып, су шаруашылығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайды


 "Ахуалды дер кезінде болжай алғанда, табиғат апатының салдары айтарлықтай ауыр болмас еді. Менің тапсырмам бойынша Алматы әкімдігі Сейсмология институтының ғимаратын жөндеуге қаржы бөлді. Қырық жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген ғимаратта ғалымдар адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жатыр. Су шаруашылығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету – өткір мәселенің бірі. Бұған дейін Тараздағы Қазақ гидромелиоративтік-құрылыс институтын қалпына келтіруді тапсырған болатынмын. Бізге су шаруашылығының, гидромелиоративтік және экологиялық тұрақтылықтың қазіргі мәселелерін шешуге қабілетті мамандар дайындайтын, осы саладағы ғылыми базаны нығайтатын жоғары оқу орны қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырамын", – деді мемлекет басшысы.