Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери мамандар даярлауға арналған ЖОО-лардың материалдық базасын нығайту қажеттілігін атап өтті.

"Әскери білім және ғылым жүйесін дамыту – аса маңызды міндет. Әскери академиялар, институттар әлемдік стандарттарға сай болуға тиіс. Осы саладағы жоғары оқу орындарының материалдық базасын нығайту керек. Сондай-ақ оқу бағдарламасын заман талабына сай бейімдеу қажет. Әскери мамандар даярлау үшін басқа да жоғары оқу орындарының мүмкіндігін кеңінен пайдаланған жөн", – деді мемлекет басшысы. 

Мұнымен қатар, президент ректорлардың студенттердің жауынгерлік дайындығына тікелей жауапты болуға тиіс екенін айтты. 

"Әскери қауіпсіздік мәселесі ғылыми тұжырымға сүйенуі керек. Яғни, ғылыми-зерттеу жұмысына басымдық беру қажет. Әскери оқу орындары қорғаныс саласындағы кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатуы керек. Қазіргі қақтығыстардың сипаты мүлде бөлек. Әлемде гибридті соғыс жүріп жатыр. Сондықтан Қарулы Күштердің зияткерлік қабілетін арттыру – өте маңызды міндет. Білім мен тәрбие әрдайым бірін-бірі толықтырып отыруы қажет", – деді президент.