Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы орман өртінен қаза тапқан қызметкерлердің отбасына көмек көрсетілетінін айтты.

"Мен сіздерге көңіл айту үшін арнайы келдім. Екіншіден,  жан-жақты көмек көрсетілетінін айтуға келдім. Қаржылай да, басқа да көмек көрсетіледі.  Балалар балабақшаға, ЖОО-ға орналастырылады – бәрі орындалады. Мен, әрине, сіздермен біргемін. Сіздер – еліміздің азаматысыздар. Мен сіздер үшін жауаптымын. Мен Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын. Өте ауыр жағдай екенін түсінемін. Асыраушыларыңызды, отағасын, ең жақын туыстарыңызды жоғалттыңыздар. Өкінішке қарай, өмірде мұндай қайғылы жайттар болады.  Мұны ақтайтын ешқандай  себеп жоқ. Тағы да айтамын.  Моральдық және материалдық көмек көрсетіледі", – деді президент.

Мемлекет басшысы барлық мәселе алдағы аптада шешілетінін жеткізді. 

"Атқарушылардың барлығы осында. Сіздердің барлық қажеттілігіңіз бойынша тізім жасалады. Бүгін – жексенбі, келесі аптада барлық мәселе шешіледі. Өтініштеріңіздің бәрі орындалады", – деді ол.

Сонымен қатар мемлекет басшысы министрлік және басқа да тиісті органдардың апаттың ауқымы бойынша қате болжам жасағанын айтты.

"Шұғыл шаралар қабылдап, өртті сол жерде өшіруі, кем дегенде оқшаулауы керек еді. Оны істемеген. Жағдайға салғырт қарады, біліктілік танытпады. Барлығы жазаланады", – деді президент.

Сондай-ақ президент Абай облысына келуіне орай жолдардың жедел жөнделгеніне қатысты пікір білдірді.

"Мен келеді деп аяқ астынан жол жөндей бастау дұрыс емес. Бұл – мүлдем масқара жағдай. Мен бұл туралы оқыдым, білемін. Кінәлілер жазаланады", – деді президент.