Бірлестік мүшелері Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, қоғамдық қозғалыс құрудың басты идеяларын таныстырды. Басты идея – мемлекет басшысының реформаларын қоғамдық қолдау мен оларды іске асыруға қажетті жағдай жасау. Бастаманы белгілі қоғам және саяси қайраткерлер, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым мен бизнес-қоғамдастық өкілдері, мәдениет және спорт қайраткерлері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары көтерген. 

"2019 жылы басталған президент реформалары кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. "Қайғылы қаңтар оқиғасынан" кейін қоғамды демократияландыру мен либералдандыру процесстері қарқынды жүруде. Сондықтан біз азаматтық қоғам осы өзгерістердің бел ортасына табылуы қажет деп санаймыз. Біздің қозғалыс үгіт-насихат үшін емес, процестерге қатысу үшін құрылған. Біз қазір реформаларды қолдап, осы маңызды кезеңді соңына дейін жеткізуіміз керек", – деді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек.


Оқи отырыңыз: Мәулен Әшімбаев сайлау туралы: Халық Тоқаевтың бағдарламасын қолдайды деп ойлаймын


Қозғалысты құрушылар партиялық дода алаңын либералдандырып, мемлекеттік аппараттың кадрлық құрамын жетілдіруге және т.б. бағытталған саяси жаңғыру – демократиялық процестерді жандандырып, азаматтық қоғамды дұрыс бағытта саясиландырды деді.

"Қазақстанда қазір саяси партияларды құрған және құруға дайын, тіркелу үстіндегі, сайлау науқандарына қатысу жоспары бар, билік үшін күресу ісіне шындап кірісіп жүрген адамдар мен бірлестіктер пайда болуда. Президент бүгінде барлық партиялардан өзін шеттеді. Сондықтан реформаларды қолдауға арналған қоғамдық қозғалыс құру ісін біз реформаларға қатысу үшін неғұрлым тиімді әрі ыңғайлы ұйым деп санадық. Біздің қатарымызға ниет білдірген барлық азамат қосыла алады. Қазақстандағы өзгерістерді жақтайтын адамдар саны басым болады деп сенеміз", – деді бастамашыл топ өкілдері.

Қозғалыс мүшелері әрбір қазақстандықтың реформалардың ойдағыдай іске асуына мүдделі екенін, себебі оның әрбір кезеңін іске асырған сайын қарапайым ел азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейі көтеріле түсетінін атап өтті.