Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының цифрландыру орталығын құруды ұсынды
Бұл құрылым сауда, көлік, су ресурстары, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да салаларға қажетті цифрлық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің отырысында Түркі мемлекеттері ұйымының цифрландыру орталығын құруды ұсынды.
"Елдеріміздің ІТ-саласындағы қарым-қатынасын жандандырған жөн. Соңғы кезде геосаяси ахуалға байланысты мемлекеттер бір-бірінен технологиялық тұрғыдан оқшауланып жатыр. Түркі елдерінің IT-саласына қатысты тың тәсілдер әзірлеуі айрықша маңызды. Бұл біздің цифрлық дамуымызға жол ашады", – деді президент.
Мемлекет басшысы жуырда Астанада "Digital Bridge" халықаралық іс-шарасы өткенін еске салды. Онда ІТ-саласында жұмыс істейтін креативті жастар озық идеяларын ұсынғанын, мемлекеттердің IT-хабтары арасындағы өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылғанын атап өтті.
"Осы ретте, мен Астана хаб халықаралық технопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығын құруды ұсынамын. Бұл құрылым сауда, көлік, су ресурстары, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да салаларға қажетті цифрлық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев оған қол жеткізу үшін Түркі елдерінің Венчурлық қорын құрған жөн екенін айтты. Сол арқылы маңызды старт-ап жобаларға инвестиция тартуға жол ашылады.