Тоқаев: Шымкент халқы – жерұйығын тапқан жұрт
Мемлекет басшысы Түркістаннан кейін Шымкентке жұмыс сапарымен барды.Жергілікті жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде Президент Шымкентті еліміздегі табиғаты да, тұрғындарының ықылас-пейілі де ерекше ыстық жердің бірі ретінде атап өтті, деп хабарлады Ақорда сайты.
"Қазақ руханиятында Шымкент шаһарының орны бөлек. Бұл – ұлт дәстүрінің берекелі бесігіне айналған қала. Сондай-ақ қазақы қасиет пен ыстық ықыластың символы. Бұл – үздік мәдениет пен ұлттық этикеттің тоғысқан жері. Ұлыларды ардақтау, үлкенді сыйлау – сіздердің басты ұстанымдарыңыз. Шымкент – ұлтымыздың өсіп-өнген, көктеп-көбейген мерейлі мекені. Сондықтан мен шырайлы қаланың халқын Жерұйығын тапқан жұрт деп сеніммен айтамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болғаннан бері көптеген оң өзгерістер болды. Атап айтқанда, қаланы дамытуға 170 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оған қоса 1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Қала бюджеті 4 есе өсіп, өнеркәсіп өнімі 65 пайызға артқан. Сондай-ақ аумағы 2,5 миллион шаршы метрден асатын тұрғын-үй салынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың бас жоспары оның экономикалық әлеуетіне сай болуы қажеттігін атап өтіп, мұнда әлемдегі ірі мегаполистерде болатын мәселелер түгел ескерілуге тиіс екенін айтты.
"Орталық Азиядағы ең ірі нарықтың бірі – Ташкент агломерациясы іргемізде тұр. Сондықтан Шымкент барлық салада бәсекеге қабілетті болуы керек. Осыны ескере отырып, қаланың бас жоспарын келесі жылдың ортасына дейін қайта қарауды тапсырамын", – деді президент.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру қажет екенін айтты.
"Қаланың айналма жолын тұйықтайтын автожолды тезірек іске қосуды және жаңа әуежай терминалының құрылысын уақтылы аяқтауды тапсырамын. Соңғы кезде шаһарға іргелес жатқан 41 елді-мекен қосылды, сол себепті инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыру қажеттігі туындады. Осы мақсатқа 4 жылда республика бюджетінен 135 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде ауыз су, электр қуаты және газ мәселесі біршама реттелді. Жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауыз су жеткізіледі. Келесі жылы қала орталығынан шалғай орналасқан 2 елді-мекеннің су мәселесін толық шешуді тапсырамын. Қазір 8 елді-мекенде сапалы электр жүйесі жоқ. Алдағы жылы бұл мәселені толығымен шешу қажет. Сондай-ақ тағы 8 елді-мекенде газ мүлде жоқ. Үкімет пен әкімдікке бұл жерлерге газ жеткізу үшін қаржы бөлу мәселесін пысықтауды тапсырамын", – деді Мемлекет басшысы.
Президент әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға назар аударды. Сондай-ақ биылғы жылды "Балалар жылы" деп жариялағанын айтқан Президент Шымкентте Оқушылар сарайы және Балалар шығармашылық орталығы салынып жатқанына тоқталды.
"Қаланың демографиялық өсімін ескере отырып, әкімдікке 2025 жылға дейін тағы бір Оқушылар сарайын салуды тапсырамын. Шымкентте 5 жылдың ішінде 101 мектеп салу жоспарланған. Бұл жұмысқа бизнес өкілдері белсене атсалысып жатыр. Қалада соңғы екі жылда 50 жекеменшік мектеп ашылды. Осы өңірдің кәсіпкерлері көптеген мектеп салып, білім саласына зор үлес қосып жатыр. Әкімдік алдағы жылы үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуге тиіс", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет саласы да мемлекеттің басты назарында екенін жеткізді.
"Қазір қалада ауқымды іс-шаралар өткізетін мәдениет ошағы тапшы. Менің тапсырмам бойынша 2 мың орындық Конгресс холлдың құрылысы басталды. Бұл нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Қалада Опера және балет театры бар. Алайда, оның ғимараты талапқа сай емес. Сондықтан, Үкіметке Шымкентте Опера және балет театрын салуды тапсырамын", – деді Президент.