TikTok-тың тренд трюктерін қайталау неге қауіпті?
Дәрігерлер акробаттар орындаған трюктерді дайындықсыз қайталау түрлі жарақаттарға әкелетінін ескертеді.Әлеуметтік желіде танымал болу үшін қауіпті трюктер жасайтындар көп. Әдетте, мұндай трюктерді кәсіби не әуесқой акробаттар не өзге мамандар жасайды да, желі қолданушылары оны қайталап жатады. Алайда, дәрігерлер дайындық жасалған трюктер денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін екенін айтады, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Арна тілшілері TikTok желісінде хит болған трендтердің бірін мысалға келтірген. Онда екі адам үшінші адамды ортаға алып, "үшеуіміз бірге секіреміз" деп алдап, оны аяғынан шалып құлатады. Оқыс қимылды күтпеген ол шалқасынан құлайды. Бұл әзіл ойын желі қолданушылар арасында кеңінен тарап кеткен.
"Мұндай арзан әзілге құрылған іс-қимылдарды қайталау адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жарақаттарға алып келеді. Бас сүйек, ми жарақаттанса, тіпті, адамның өліп кету қаупі де бар", – дейді жоғары дәрежелі травматолог-ортопед Жандос Дербіс.
Қауіпті қимылдар жазылған роликтер жоғарыда аталған мысалмен шектелмейді. Әлеуметтік желіде тапсырма орындап, пранк жасайтын экстремал әрекеттер көп. Сондықтан дәрігерлер ата-аналарға балаларына сақ болуды, олармен сөйлесіп, трюктарды қайталаудың қаншалықты қауіпті екенін түсіндіруге кеңес береді.
Оқи отырыңыз: "Лайкқа тәуелділік тәбетті бұзады". Психолог әлеуметтік желінің зиянды жақтарын атады
Арна тілшісі желідегі хит болған трюкты өзі де қайталап көрген. Айтуынша, бұл расымен де өте қауіпті.
"Алдын ала дайындықпен келсек те, мұны жасауда қорқыныш болды. Жалпы, TikTok-тағы экстремал әрекеттерді қарапайым адамның орындауы екіталай. Байқасаңыз, кей бейнелердің астында "мұны кәсіпқой мамандар жасады, өздігінше қайталап көрмеңіз" деген ескертуі де бар", – дейді арна тілшісі.