TiJi, Nickelodeon арналарының 800 сағат өнімі жыл соңына дейін қазақ тіліне аударылады
Осы жылдың басынан бастап TiJi, Nickelodeon мультфильм арналарының өнімдері қазақ тіліне аударыла бастады. Арадағы келіссөздерден кейін аударма жұмыстарымен "Қазақфильм" базасы айналысып жатыр, деп мәлімдеді ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.
Осы орайда, министр шетелдік өнімдердің неліктен қазақ тіліне аударылып жатқанын түсіндірді.
"Қазақ тілі отбасынан бастау алады. Бүгінде таза қазақ тілді отбасылардағы кішкене бүлдіршіндеріміздің көбінесе орыс тілінде сөйлеп жүргені жасырын емес. Өйткені, олар мультфильмдерді орыс тілінде көреді. Өкінішке орай, қазір тілді әке-шеше ғана емес, экран да қалыптастырады. Мультфильм ықпалымен таза қазақша сөйлеп өсіп келе жатқан балаларымыздың ары қарай орыс тілінде шүлдірлеп жүргені рас. Осы орайда, телеарналармен келіссөз жүргізіп, 800 сағаттық өнімді қазақ тіліне аударамыз деп шештік", – деді Аида Балаева.
Мұнымен қатар, министр шетелдік өнімдерді қазақ тіліне аудару арқылы бюджетті 4 есеге дейін үнемдейтінімізді айтты. Мысалы, "Маша и медведь" мультфильмінің екі сағатқа созылатын бір маусымын түсіруге 2 млрд теңге жұмсалады.
"Отандық сапалы өнім жасау үшін үлкен қаражат пен ұзақ уақыт қажет. Қазір әр минутты тиімді пайдалануымыз керек. Балаларымыз көретін барлық арнаны қазақ тілінде сөйлетсек, онда олардың да өскенде ана тілінде сөйлейтіні анық. Балаларымыз қазақ тілінде сөйлесін десек, экранды түзетуіміз керек, экран қазақша болғаны жөн", – деді Аида Балаева.
Бұдан өзге министр балалардың бірнеше тілді білгені де дұрыс екендігін алға тартты.