Теннистен Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасы Аустралияның Брисбен қаласында қызу жаттығуға кірісті. Осы қалада әлем чемпионатына баруға мүмкіндік беретін тартысты матчтар өтеді, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы

Жолдама – біреу, үміткер – үшеу. 10 сәуір күні қазақстандықтар Аустралия командасымен, 11-інде Колумбиямен ойнайды.

Қазақстан құрамасы: Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Дияс, Анна Данилина және Жібек Құламбаева. Команда капитаны – Юрий Щукин.

"Біз жоғары мақсат қойып отырмыз, барымызды салып, жаттығудамыз. Аустралия, Колумбиямен матчтар оңайлыққа түспейді. Дегенмен біздің құрам мықты, команданың ішкі ахуалы да жақсы", – деді Анна Данилина.

Қос кездесу де Патрик Рафтер атындағы аренада өтеді.

"Құрамада болу – қашанда мақтаныш. Үздік өнерімізді көрсетіп, командаға жақсы нәтижеге жетуге көмектескіміз келеді. Осы кезеңнен табысты өту үшін бізде барлық мүмкіндік бар", – деп қосты Жібек Құламбаева. 

Топ жеңімпазы әйелдер теннисіндегі ең басты турнир – Billie Jean King Cup финалдық кезеңіне жолдама алады.

Beeline Janymda. Матчтарды көріп, алған әсеріңізді кез келген жерде бөлісіңіз!