Тектанушы: Ауыр психологиялық жарақат үшінші ұрпақта оянады
Маманның айтуынша, өңделмеген психологиялық соққы бейсанаға түсіп, ДНҚ-да өзгерістер басталады, жаңа нейрондық байланыстар түзіледі.Адам қатты психологиялық соққы алғаннан кейін оны емдеуге, жазуға, біртіндеп ұмытуға белгілі бір шаралар көмектеседі, дейді тектанушы, халықаралық кәсіби родологтар лигасының Азия бойынша вице-президенті Әлия Сағымбаева "Айқын" газетіне берген сұхбатында.
"Мәселен, адам қайтыс болғанда, дауыстап жоқтау айтады, марқұмның жетісіне, қырқына, жүзіне жиналады. Осылайша, адам ақырындап әлгі соққыдан ес жияды. 20-30-жылдардағы қуғын-сүргін, ашаршылық, кәмпескелеу кезінде мұның бірде-бірі ескерілген жоқ: дауыстап жоқтау айтуға қорықты. Оған уақыт та жоқ, ұрпақты ойлау керек. Осылайша, сана қайғыны өңдей алмай қалды", – дейді Әлия Сағымбаева.
Тектанушының айтуынша, өңделмеген психологиялық соққы бейсанаға түсіп, ДНҚ-да өзгерістер басталады, жаңа нейрондық байланыстар түзіледі.
"Олар қорқыныш, үрей түрінде көрініс табады. "Бай болу қауіпті", "Күйеуге шығу қауіпті, күйеуімнен айырылып қалуым мүмкін", "Балалы болу қауіпті, өліп қалуым мүмкін" деген секілді ұстанымдар осылардан келіп шығады", – дейді тектанушы.
Оқи отырыңыз: Карина Абдуллина: Басыма түскен қайғы менің балет жазуыма түрткі болды
Маман ауыр психологиялық жарақаттың көбіне үшінші ұрпақта оянатынын айтады.
"Бірде маған бір кісі келді. Генограммасын сызып қарасақ, әулетінде анасы жағынан келетін тармақтардың бәрінде дерлік екі әйел алу немесе екі күйеуге тию кездеседі екен. Әрқайсында әртүрлі себеппен, бірақ әйтеуір бәрінде алғашқы неке бұзыла берген. Сондайда асықпай отырып, бұл ешқандай да тектің заңдылығы емес екенін, адам өзі қаласа және шындап жұмыс істесе, алғашқы некені сақтап қалуға болатынын түсіндіру керек. Әжеңіз екі рет күйеуге шықса, оның себебі – соғыс жылдары бала-шағаны асырау қиын болды, сол үшін ер-азаматтың етегінен ұстауға тура келді, бірақ бұл сіздің де міндетті түрде екі рет тұрмыс құратыныңызды білдірмейді. Адамдар осыны түсінгенде ғана бұған дейін өздігінен қайталанып келе жатқан тізбекті үзеді", – дейді Әлия Сағымбаева.