Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысында Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы ата-аналардың мемлекет тарапынан берілетін тегін мектеп формасына қатысты наразылығына назар аударып, тиісті орган өкілінен жағдайды түсіндіруін сұрады.

"Сарыағаш ауданы бойынша ақпарат шығып жатыр. Бізде жалпыға арналған қор бар. Осы қор бойынша біз қазір қаулыға өзгеріс енгіздік. Одан сайын жағдайды жақсартуға тырысудамыз. Бірақ осы аудан бойынша түсініспеушілік мәселесі ме? Әлде ақпарат дұрыс шығып жатқан жоқ па? Қандай мәселе?", – деп сұрады министр.


Оқи отырыңыз: "Ағылшын тілі оқытылмайды". 1-сынып оқушыларын тағы қандай жаңалықтар күтіп тұр?


Түркістан облысы Сарыағаш ауданы адами әлеуетті дамыту басқармасы өкілінің түсіндіруінше, мәселені атаулы әлеуметтік көмек алушылар көтерген. Оларға тиісті орган №64 қаулыға өзгерістер енгізу туралы түсіндірген.

"Көмекті алатын адамдардың қатары, санаттары азайған жоқ. Ақпаратта көріп отырмын, "жетімдерге береміз, атаулы әлеуметтік көмек алатындарға бермейміз" деген дұрыс емес. Сондықтан үкіметтің қаулысын қараңыздар, қосымша түсіндірме жұмыстарын жүргізіңіздер. Бұрынғы санаттар өзгерген жоқ, тек оларға берілетін көмек мөлшері одан сайын көтеріліп отыр. Ол жағдайдың жақсарғанын білдіреді. Сол себептен ата-аналарға ақпаратты дұрыс жеткізіп, қосымша қаражат қажет болса, жергілікті бюджеттен бөлгізіп, бұл мәселені шешу керек", – деп тапсырды министр.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, биыл 418 мың бала тиісті көмекті қажет етіп отыр.

"Бұл заң бойынша жылда жасалып жатқан жұмыс. Биыл олардың саны, көрсетілетін көмек мөлшері де артып отыр. Өйткені биыл балалар жылы. Сондықтан тиісті әкімдіктермен жұмыс жүргізіп, қажет болса қосымша қаражат бөлгізіп, толық жұмыс жүргізу қажет", – деді министр.