Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай амнистия. Кімдерге басымдық беріледі?
Жанар Шайдуллина қай азаматтардың бостандыққа шығу немесе жазасының мерзімін қысқарту мүмкіндігі барын түсіндірді.Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай түрмеде жазасын өтеп жатқан осал топқа жататын азаматтарға амнистия жасалады. Әр қылмыскерге қатысты шешімді сот жеке-жеке қабылдайды. Бұл туралы Ішкі Істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жанар Шайдуллина мәлімдеді.
"Жобаға байланысты қажетті ғылыми құқықтық сараптама жүргізілді, сондай-ақ, қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың қатысуымен ашық тыңдалымдар өтті. Қазіргі сәтте заң жобасын Парламент Мәжілісінің депутаттары қарап жатыр. Заң жобасының мақсаты – теріс әрекеттер, аса ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар үшін жазаны өтеуден босату, сондай-ақ, аса ауыр қылмыстар үшін жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту", – деді Жанар Шайдуллина.
Мұнымен қатар, бөлім жетекшісі әлеуметтік осал топтағы және қоғам үшін аса қауіпті емес азаматтар – кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер, кәрі әйелдер мен ерлер, мұнымен қатар, І, ІІ топтағы мүгедектерге басымдық беріліп отырғанын айтты.
ҚР ҚК 78-бабына сәйкес, амнистия келесі қылмысқа барғандарға жасалмайды:
- жасөспірімдерді жыныстық зорлау;
- террористік және экстремистік қылмыстар;
- қылмыстық топ пен ұйымдардың экс-мүшелеріне;
- рецидив жағдайында.
"Қылмыстық-процестік кодекстің 476-бабының 15-тармағына сәйкес, амнистия жасауға қатысты соңғы шешімді сот жеке-жеке қабылдайды. Заң жобасына сәйкес, босатылғандарға әлеуметтік қолдау қарастырылған", – деп қосты Жанар Шайдуллина.
Аталған заң жобасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларды жүзеге асыру міндеті жүктеледі:
- жақын туыстары жоқ, кәрі жастағы І, ІІ топ мүгедектерін медициналық-әлеуметтік мекемелерге орналастыру;
- кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерді әке-шешесіне немесе оларды алмастырған азаматтарға тапсыру. Немесе орташа, техникалық және кәсіби білім алатын жерге орналастыру;
- сот шешімімен тағайындалған емді алуына көмектесу;
- тұрақты тұрғылықты мекен-жайы жоқ азаматтарды қоғамдық ортаға сіңістіруге бағытталған орталықтарға орналастыру;
- жұмыспен қамтып, әлеуметтік көмек көрсету.