Қазақстанда бала саудасының алдын алу мақсатында тастанды не жетім сәбилерді қабылдайтын медициналық мекеме басшыларының жауапкершілігін күшейту көзделіп отыр. Жаңа өзгертулер ҚР Әкімшілік кодексіне енгізілмек.

Өзгертулер жобасына сәйкес, аналар жаңа туған сәбиін тастап кетсе, болмаса жетім не ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар келіп түссе, бұл туралы жасырған медициналық ұйымдар мен балаларға арналған мекеме басшылары мен қызметкерлеріне айыппұл салынады:

  • жеке тұлғаларға – 5 АЕК;
  • лауазымды тұлғаларға – 10 АЕК.

Егер осындай заң бұзушылық бір жыл ішінде тағы қайталанатын болса, онда айыппұл мөлшері жеке тұлғалар үшін 20 АЕК-ке, лауазымды тұлғалар үшін 30 АЕК-ке дейін өседі.


Оқи отырыңыз: 300 мың теңге: Әлеуметтік желіде сәби саудасы қызып тұр


"Бұл адам саудасына қарсы іс-қимылдағы жұмыстың тиімділігін арттыру және халықаралық стандарттарға сәйкес ұлттық заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру үшін қажетті заңнамалық құқықтық негіздерді құруға мүмкіндік береді" делінген құжат жобасының түсіндірме жазбасында.

Жоба 23 желтоқсанға дейін қоғам талқысына ұсынылған.

Еске салайық, Қазақстанда баланы саудалағандарға 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұған дейін әлеуметтік желі арқылы сәбиді 300 мың теңгеге саудалағандар туралы жазғанбыз