Ташкентте қазақ-қарақалпақ халықтарының ортақ әдеби мұрасы туралы оқулық жарық көрді
Оқулық Өзбекстандағы ЖОО-лардың қазақ тілі және әдебиеті факультеттерінде оқытылады.Ташкентте филология ғылымдарының кандидаты Қайыржан Аралбаев пен филология ғылымдары бойынша философия докторы Ширин Смамутованың "Қазақ-қарақалпақ әдеби байланыстары" атты кітабы жарық көрді. Кітапта қазақ-қарақалпақ халықтарының әдеби байланыстары бірнеше бөлімге бөлініп қарастырылған.
Бірінші "Қазақ-қарақалпақ халық ауыз әдебиетіндегі байланыстар, эпостардағы ортақ сюжеттер" бөлімінде "Алпамыс", "Қырық қыз" дастандары, "Гүлдірсін" аңызы, қос халықтың туындыларындағы ортақ сюжеттер мен ерекшеліктер, салт-дәстүр жырларындағы ұқсастықтар терең зерттелген. Екінші бөлімге Сыпыра жырау, Асан Қайғы Сәбитұлы, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Мүйтен, Бұқар, Жиен жырау шығармашылығы арқау болған.
Бұдан өзге "XIX ғасыр әдебиетіндегі әдеби байланыстар сипаты", "XX ғасыр кеңестік дәуірдегі қазақ және қарақалпақ әдебиетіндегі байланыстар", "XX ғасырдың екінші жартысындағы қарақалпақ және қазақ поэзиясы, ондағы әдеби байланыстар көріністері", "Қазақ-қарақалпақ әдебиетінің насихатталуы", "Байланыстар жайлы әдеби-ғылыми мақалалар шоғыры" сынды бөлімдері бар.
Соңғы "Қарақалпақстанда туған қазақ қаламгерлері шығармашылығынан" бөлімі Ахмет Өмірзақ, Бауыржан Бабажанұлы, Мұрат Бекей, Әділ Балта, Бегабат Ұзақов, Төлеген Айбергенов, Есенғали Раушанов, Рахмет Аяпбергенов, Сабыр Адайдың өмірбаяны мен шығармаларына арналған.
Аталған оқулық Өзбекстандағы ЖОО-лардың қазақ тілі және әдебиеті факультеттерінде оқытылатын болады.