Таразда жындыханадан қашып кеткен адам автобус жүргізушісін пышақтап тастады
Азамат 2010 жылдан бері облыстық психикалық денсаулық орталығында тіркеуде тұрған.Таразда психикалық денсаулық орталығынан қашып кеткен емделуші автобус жүргізушісін пышақтап тастады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жарақат алған азаматқа шұғыл ота жасалған. Жол ақысын сұраған қоғамдық көлік жүргізушісінің иық тұсына жолаушы пышақ сұғып, із суытқан.
Қолында суық қаруы бар 33 жастағы күдіктіні полицейлер жеті күннен бері жер-көктен іздеп таппай жатыр.
Тәртіп сақшылардың дерегінше, азамат 2010 жылдан бері облыстық психикалық денсаулық орталығында тіркеуде тұрған. Бірақ мұндағы мамандар оның жеке бас дерегін жариялай алмайтындарын айтады.
Бір анығы іздеудегі азаматтың мекенжайын айтқан адамға Ішкі істер органы қызметкерлерінің қаржылай сүйіншісі бар. Ол табылғанша тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады.
"Полиция қызметкерлерімен қылмысқа қатысты күдікті 33 жастағы Байзақ ауданының тұрғыны екені анықталды. Қазіргі таңда күдіктіні іздестіру іс шаралары жалғасып жатыр", – деді Жамбыл облысы полиция департаментінің ресми өкілі Гүлсара Мұхтарқұлова.