Таразда он шақты қарулы қылмыскердің көзі жойылып, 269 бүлікші ұсталды
Жалпы, 15 адам қаза тапты. Оның екеуі – құқық қорғау органдарының қызметкері.Жамбыл облысында жағдай тұрақталды. Ахуал жергілікті биліктің құрған жедел штабының қатаң бақылауында, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Тараз қаласында террорлық шабуылға тосқауыл қойылып, он шақты қарулы қылмыскердің көзі жойылып, 269 бүлікші ұсталған. 20 қылмыстық іс, 104 әкімшілік іс қозғалған.
Жалпы, 15 адам қаза тапты. Оның екеуі – құқық қорғау органдарының қызметкері.
Әкімдікті өртеген белсенді төрт адам ұсталып, екі Калашников автоматы тәркіленді.
Қаруланған топқа қарсы Полиция, ҰҚК департаменттері мен «Оңтүстік» әскери қолбасшылығының 2000-нан астам қызметкері, 100-ден астам арнайы техникасы жұмылдырылды.
7 полицей жарақат алса, оның ішінде екеуіне оқ тиген. 100-ден астам қызметтік көлік зардап шекті.
283 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген, оның 42-сі ауруханада жатыр.
Теміржол вокзалында 23.00-ден кейін пойыздан түсетін жолаушыларды арнайы кезекші автобустар тасымалдайды.
Қылмыскерлерді ұстау, жедел іздестіру шаралары жалғасуда.
"Облыс бойынша 29 блок-бекет жұмыс істеуде, оның ішінде Тараз қаласының кіріс-шығыс қақпаларына 10 блок-бекет қойылған. Барлық көліктер тексерілуде. Бүгінгі таңда оларға 4 рет шабуыл жасалған. Блок-бекеттерде шетел, басқа өңірлерден келген көліктері анықталуда",– деп жазылған хабарламада.
Бүлікшілер облыс әкімдігінің, «Nur Otan» партиясы филиалының және полиция департаментінің ғимараттарын өртеген.
Зақым келген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Зардап шеккен әлеуметтік нысандар жоқ.
Өңірде қоғамдық тыныштықты сақтау бойынша жергілікті билік пен ерікті халықтың, қоғам белсенділерінің бірлескен жұмысы жалғасуда.
ТЖ бекеті, әуежай, әскери қоймалар, «Әмір және Д» әскерилердің қорғауында.
Сондай-ақ, маңызды стратегиялық нысан болып табылатын Қордай ауданы Отар әскери қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ әскерилермен қорғалуда.
Коммуналдық қызметтер тұрақты жұмыс істеп тұр.