Талғарда қаралы үйдің өртенуі: Шерзат Болаттың әкесі өз жайын айтты
"Өзім үшін емес, отбасым үшін қорқамын", – деді Қаржаубай Нұрымов.Алматы облысының Талғар қаласында жанжал кезінде қайтыс болған Шерзат Болаттың үй түнде өртенді. Бас прокурор бұл істі өзінің бақылауына алып, қылмыстық іс қозғалды.
Осы оқиғадан кейін Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың Ulysmedia порталына оқиға жайлы айтып берді.
"Түнде бала-шағамызбен үйде жатқанбыз (Қаржаубайдың әке-шешесінің үйі – қара шаңырақта). Көршілеріміз үйдің өртеніп жатқаны жөнінде хабар берді. Өрт сөндірушілер келді. Көрші жігіттер келді, бәріне рақмет! Әкім-қаралар, құзырлы органдар кешеден бері келіп, уәдені үйіп-төгіп беріп жатыр. Уәденің соңы не болып жатқанын көріп отырсыздар ғой. "Соңғы рет көрейік, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз" деп жатыр", – деді Қаржаубай Нұрымов.
Ол баласының аруағы разы болуы үшін соңына дейін күресетінін айтты.
"Өзім үшін қорықпаймын. Халық үшін қорқамын. Отбасым үшін қорқам. Ер азамат болса, еркек деген аты болса келер еді. Ақылға салып, оңды-солды түсініп. Біреудің қайғысы болса, біреуге ұпай керек болады. Бәрін жан-жақты ойлау керек. Қазір баса-көктеп, аспанға балта лақтырудан түк пайда таппаймын. Ақ-қарасы анықталған соң кінәлілер жауап береді деген ниеттемін. Құзырлы органдар ғана емес, менің жанымда жүрген жігіттер, қайғыма ортақ халық бар, ертең не болып кететіні – бәріне айдан анық көрініп тұр ғой. Осындай жағдай болатын болса мен жауап беремін. Мен кетіп қалсам, балам үшін шырылдайтын адам болмайды, бала-шағама, әке-шешеме қарайтын адам болмайды. Қолымнан келгенше күресемін", – деді Шерзаттың әкесі.
Қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.
"Талғарда жасөспірімді өлтіру ісі бойынша жәбірленушілердің үйін өртеу фактісіне қатысты 2024 жылғы 12 қазанда Бас прокуратураның басшылығымен қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Кінәлілерді әшкерелеу үшін барлық шаралар қабылданатын болады. Қылмыстық iс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бақылауына алынды", – деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.