Талдықорғанда тәртіпсіздік кезінде ұсталған екі мектеп оқушысы үйқамақта отыр
Оларға сабаққа қатысуға тыйым салынған.Талдықорғанда жаппай тәртіпсіздік кезінде ұсталған екі оқушы үйқамақта отыр. Олар мектепке бармайды. Сондай-ақ, ұялы телефон мен компьютер пайдалануға да тыйым салынған, деп хабарлады қалалық білім басқармасының мамандары.
Үйқамаққа алынған оқушылар 10 және 11-сыныптарда оқиды.
"Олар асинхрон режимде оқып жатыр. Бізде асинхрон форматта оқу үлгісі бар, бұл өз бетінше білім алу деген сөз. Бірақ бұл оқушы барлығын өз бетінше оқиды деген сөз емес, ұстаздардан кеңес алуға болады. Кейін бөлім, тақырып бойынша есеп береді. Ұстаз оқушының тақырыпты қалай меңгергенін тексеріп, кеңес беріп, қосымша дайындалады. Ата-аналармен байланыстамыз. Оқушылардың мектепті тәмамдап, аттестат алуы біз үшін аса маңызды", – деді білім басқармасының басшысы Роза Барманова.
Оқи отырыңыз: Ерлан Саиров: Террорист, экстремист, тонаушы, тәртіп бұзушылардың ара-жігін ашу маңызды
Ата-аналардың айтуынша, оқушылар сол күні жаппай тәртіпсіздік болып жатқан жерге кездейсоқ тап болған.
"Бірақ мен олардың әрекетін ақтап отырған жоқпын", – деді Роза Барманова.
Алматы полициясы өз кезегінде оқушылардың ұсталмағанын мәлімдеді.
Еске салсақ, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов дайындық ҰБТ тестілеудің бағасын екі есе арзандатуды тапсырғаны туралы хабарлаған едік.