Тағы екі алтын: Зухра Ирназарова және Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко жұбы Азиада чемпионы атанды
Азиададағы еліміздің ұлттық құрамасы үш алтын медаль алды.ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысында 18 жастағы Зухара Ирназарова чемпион атанды. Біздің отандасымыз 560 ұпай жинап, Солтүстік Кореядан келген екі мергеннен озып кетті.
"Керемет нәтиже! Зухраны кез-келген спортшы үшін маңызды жеңісімен құттықтаймын! Бұл ол үшін соңғы жетістік емес екеніне сенімдімін", – деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Сондай-ақ, Қазақстандық Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко стендтік ату турнирінің аралас жұптық сайысында алтын медаль жеңіп алды. "Скит" жаттығуының финалында қазақстандықтар Кувейттен келген қарсыластарынан озық болды. Қорытынды есеп – 40:35.
Бұл – Азиададағы еліміздің ұлттық құрамасы үшін үшінші алтын медаль.
Оқи отырыңыз: Ханчжоуда өтіп жатқан ХІХ Азия ойындарында Қазақстан алғашқы алтынды жеңіп алды.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Әсем Орынбай, Зоя Кравченко және Ольга Панаринадан жасақталған Қазақстанның әйелдер командасы "скит" жаттығуында алтын медаль жеңіп алып, Азия ойындарының рекордын орнатты. Ал жекелей сында Әсем Орынбай қола жүлдеге ие болды.
"Біздің мергендер тағы да керемет нәтиже көрсетті! Спортшыларды, жанкүйерлерді және, әрине, команданың жаттықтырушылар штабын осы жеңіспен құттықтаймын. Бүкіл ел мергендерімізбен мақтанады. Бұл жеңіс мыңдаған қазақстандық жеткіншектерді осы спорт түрімен айналысуға шабыттандыратынына сенімдімін", – деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.