"Сюцай – нумерологияның бір түрі". ҚМДБ үкімі қандай?
ҚМДБ шариғатта пал аштыру және жұлдызнамаға сенудің харам екенін ескертеді.Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы "Сюцай" жүйесіне қатысты үкім шығарды.
Сюцай – раджа-йога философиясына негізделген нумерологияның бір түрі. Бұл жүйенің сенімінде туған күн, неке қиған кез секілді адам өміріндегі белгілі сандар бір планета энергиясымен тығыз байланыста болады. Сандарда адамның мінезі, қабілеті, өмірге келген мақсаты, болашақта орын алатын оқиғалары қамтылған. Егер сандар энергияға сәйкес келсе, өмірі жақсы, ал сәйкес келмесе, келеңсіз жағдайлар орын алуы мүмкін. Сюцай адамдардың тағдырын өзгертеді деп сенеді.
"Бұл жүйемен шұғылдану шариғатқа қайшы. Себебі, бұл – адамның тағдырын сандарға байлап, оның жағымды немесе кері әсері бар деп сендіру. Сюцай – пал ашудың бір түрі. Шариғатымызда пал аштыру және жұлдызнамаға сену – харам. Осы және өзге де себептерге байланысты сюцай жүйесіне немесе соған ұқсас басқа да тылсым күштермен айналысуға, оларға жүгінуге шариғатымызда қатаң тыйым салынады", – деп жазылған ҚМДБ хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Мәйітті донор ретінде пайдалану. ДСМ мен ҚМДБ ұстанымы қандай?
ҚМДБ Ғұламалар кеңесі осыған сүйене отырып үкім шығарған.
"Сюцай жүйесінде сандар болжамына сеніп, Алланың құдіретіне шәк келтіру және адамның тағдырын болжау – харам. Мұсылман адам тағдырға иман келтіріп, жақсылық пен жамандықты бір Алладан деп сеніп, болашақты болжайтын түрлі наным-сенімдерден аулақ болуы тиіс", – деп жазылған үкімде.