Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Украинадағы жағдайға қатысты түсініктеме берді.

Қазіргі кезде Қазақстанның Украинадағы елшілігі штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек министрлікте әлемдегі жағдайға мониторинг жасайтын арнайы ахуалдық орталық бар.

"Біздің мәліметімізге сәйкес, Киевтегі шетелдік дипломатиялық корпус өз жұмысын жалғастыруда және азаматтарын эвакуациялап жатқан жоқ. Қазақстандықтардан да эвакуациялау бойынша өтініштер түскен жоқ және қазіргі уақытта арнайы ұшақтарды жіберу жоспарда жоқ", – дейді Айбек Смадияров.

Украинадағы әскери қақтығыстың жалғасып жатқанына екі жылдан асты. Содан бері біраз адам елден шығып кетті.

"Бірақ біздің есебіміз бойынша Украинада қазір 300-ге жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін. Нақты санын айту қиынға соғады. Оған қарамастан, бірнеше күн бұрын біз Украинадағы қазақстандықтарға ел аумағынан кету туралы хабарлама жасадық. Қазақ дипломаттары өтініш түскен жағдайда барлық қажетті көмекті көрсетеді. Дегенмен жағдайдың одан әрі дамуына байланысты өз әрекетімізді жасаймыз", – деді министрліктің ресми өкілі.