Шымкентте фармацевтика саласын дамыту мақсатында қарқынды жұмыс атқарылып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов ОКҚ-де өткен брифингте айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елге кіретін дәрі көлемін азайтып, отандық фармацевтиканы дамыту мен оның өнім көлемін арттыру міндетін қойған еді. Үшінші мегаполисте Президенттің тапсырмасын орындау үшін Қазақстандағы ең үлкен дәрі шығаратын зауыт жұмысын жандандырып, қосымша компаниялармен келіссөз жүргізу көзделіп отыр.

Шымкентті үлкен фармацевтикалық қала деп айтуға болады. Өйткені, еліміздегі ең үлкен дәрі шығаратын зауыт Шымкентте орналасқан. Ол – Химфарм. Бұл компания – еуропалық стандартқа сай келетін ірі зауыттардың бірі. Онда кемінде 191 түрлі дәрі шығарылады. Бұл елімізге шетелден келіп жатқан дәрінің 33 пайызын құрайды.

"Алдағы уақытта ең маңызды жұмыс басталайын деп тұр. Фармацевтикалық компания қаламызда үлкен зертхана салмақшы. Бұл не деген сөз? Яғни, отандық компания Шымкентте ғылыми дәрі шығарып, оны өздері зерттеуден өткізіп беріп отырады. Онсыз дәрінің жаңа түрлерін шығару өте қиын. Жалпы бұл компания жұмысын тағы да ұлғайтуды көздеп отыр. Оған кемінде 20 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартады", – деді қала әкімі. 


Оқи отырыңыз: 2023 жылы Шымкент тұрғындары сапалы ауыз сумен 100% қамтылады 


Мұрат Әйтеновтің айтуынша, өткен жылы Өзбекстаннан да инвестор келіп, мегаполисте "Дентафилл" деген компания ашқан. Қазір бұл инвестор да қалаға үлкен қаражат құйып отыр. Одан бөлек, қазір әкімдік фармацевтика бағытында тағы 3 компаниямен келіссөз жүргізіп жатыр. 

Фото: Шымкент қаласы әкімдігінің фейсбук парақшасынан

Сонымен қатар, шымшаһарда соңғы бес жылда өнеркәсіп өнім көлемі де едәуір артқан. Мәселен, 2019 жылы 492 млрд теңге болса, қазір 937 млрд теңгеге жетті. Ал шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны 58 мыңнан 110 мыңға дейін өскен. Сонымен қатар, қалаға 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, бюджет көлемі 146 млрд теңгеден 613 млрд теңгеге жетіп отыр.

Жалпы бүгінде қалада жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді. Онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. Өндіріс аймақтарының толымдылығы 90 пайыздан асты. 

"Өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты жаңадан 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аумағын құру жұмыстары жүргізілуде.  Бұл аумақтарда 400 млрд теңгені құрайтын 284 инвестициялық жоба іске асырылады. Онда 12 мыңға жуық жұмыс орындары құрылатын болады", – деді Мұрат Әйтенов.


Оқи отырыңыз: Ақпарат министрі: Шымкент ел медиасының дамуында ерекше рөл атқарады


Бұдан бөлек, мегаполистің макроэкономикалық көрсеткіштерінде де өсім байқалады. Мәселен, жыл  басынан бері инвестиция көлемі – 22,1%, бөлшек сауда – 24,8%, құрылыс жұмыстары – 28,7% және тұрғын үй саласы 73%-ға артып отыр.

 

Авторы: Мөлдір Ибадуллаева