Шымкентте кикбокстан әлем чемпиондары жаттығатын орын таппай, дайындықтарын далада пысықтап жүр. Өйткені, олар үшін арнайы орын қарастырылмаған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қайтпас ауылында кикбокспен шұғылданатын 80 оқушының арасында әлем чемпионы атанғандары бар. Алайда, биылғы жаңбырлы көктем далада жаттығудың өзіне мүмкіндік бермей отыр.

"Жаңбыр жауса, жаттығу болмайды. Күн шықса, көлеңке іздеп кетеміз. Тұрақты жаттықпағасын формадан шығып қаламыз", – дейді спортшы Нұрмұхамед Тәжібай.

Кикбоксқа әуес 80 жасөспірімнің жиырмасы халықаралық жарыстарда түрлі жүлделерді иеленген. Айтуларынша, наурыз айындағы толассыз жауын салдарынан шеберліктерін шыңдай алмапты. Ал жаттықтырушылары қазіргі аптап ыстықта ашық аспан астында дайындалу тіпті қиын екенін айтады. 


Оқи отырыңыз: Ата-аналар "дене шынықтыру" сабағына ұлдар мен қыздарды бірге қатыстырмауды сұрады – БҒМ


"Күннің ыстығы мен жаңбыр жаттығуға кері әсерін беріп жатыр. Жаңбыр болса, балаларға жаттығу болмайтынын жазып жіберемін. Бәрі маған ренжіп жатады",  – дейді жаттықтырушы Болат Сапаров.

Арна тілшісінің түсіндіруінше, үш жылдан бері Қайтпастағы 80 бала мешіттің ескі ғимаратында жаттығу жасап келген. Бірақ, осыдан үш ай бұрын төңіректегі мектептің басшылығы ғимаратқа ескі парталар мен орындықтарды қойып, қоймаға айналдырған. Енді жас спортшылардың мешіттің маңайында не мектептің ауласында жаттығудан басқа амалы жоқ.

Қалалық спорт басқармасының өкілдері Шымкентте спорт залдардың жетіспейтінін мойындайды. Тіпті, жалға алуға да мүмкіндік жоқ. Өйткені, бюджеттен қаржы қаралмаған.

"Ата-аналардың шулағаны бізге жақсы. Өйткені, қолымыздың қысқалығы бар", – деді Шымкент қалалық спорт басқармасының өкілі Ермек Байдушаев.