Шымкент пен Түркістан облысында шаруалар бір айдан бері дизель таппай жүр
Сұйық отын тапшылығы Шымкенттегі мұнай өңдейтін зауыт жөндеуге жабылған соң басталған.Шымкент пен Түркістан облысында егінге енді кіріскен шаруалар бір айдан бері жанармай бекеттерін жағалап дизель таппай жүр. Ал жергілікті шенеуніктер тапшылықтың туындауына Шымкенттегі мұнай өңдейтін зауыттың жөндеуге жабылуы себеп болды дейді, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Егін маусымы басталысымен оңтүстіктегі жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болды. Шаруалар мен жүк көлік жүргізушілері дизель отыны мен сұйық газды таба алмай сандалып жүргендерін айтады. Олардың айтуынша, тапшылық бір ай бұрын басталған және бұл мәселе жылда көктемде қайталанады.
Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында тұрғындар үйлерінен 20 метр жердегі жанар-жағармай базасын көшіруді талап етіп отыр
Аймақтағы жанармай қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров мәселе Шымкенттегі мұнай өңдейтін зауыт жөндеуге жабылған соң басталды дейді. Дәл егін маусымында жабылған мекеме енді 15 сәуірде бір-ақ ашылмақ.
"Бұның бәрі елімізде механизмнің жоқтығын көрсетіп отыр. Екіншіден, ашықтық жоқ. Қанша мұнай өнімі өңделіп жатыр? Шығып жатқанның бәрі қайда кетіп жатыр? Америкаға ма, Англияға ма, Қырғызстанға ма, Қазақстанға ма?" – деді Түркістан облысы жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров.
Шымкенттегі жауапты басқарма өкілдері жағдай зауыт ашылған соң қайта қалпына келеді деп сендірді.
"Мұнай өндіретін зауытымыз 15 наурыздан бастап 13 сәуірге дейін күрделі жұмысқа қойылды. Қордағы жанар-жағармай он күнге жетеді. Сәуірдің онынан кейін барлығы тұрақталады деп ойлаймын", – деді Шымкент қаласы Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы Ілияс Есжанов.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында мал басын көбейткен шаруалар айыппұл төлеуге мәжбүр
Жанармай бекеттеріндегі тапшылық елімізде үш жылдан бері жалғасып келеді. Оның себебін сала мамандары алыс-жақын шет келден келетін көлеңкелі бизнестен көреді. Айта кетейік, тапшылық кесірінен былтыр аймақта көтерме саудамен айналысатын 100 компания жұмысын тоқтатты.