"Шұғылалы ертегілер": Астанада заманауи ертегілер кітабының тұсаукесері өтті
Жинақ 5 пен 12 жас аралығындағы оқырмандарға арналған.Астанада заманауи авторлардың қазақ тіліндегі ертегілері кітабының тұсаукесері өтті. Жинақ 5 пен 12 жас аралығындағы оқырмандарға арналған және қазіргі қазақстандық балалар туралы қазақ тілінде шабыттандыратын оқиғаларды баяндайды.
Ертегілерде табиғатты аялау, салауатты өмір салтын сақтау, қонақжайлылық, басқалармен тең және әділ қарым-қатынас, отбасы құндылықтары тақырыптары қозғалады. Жинақтағы ертегілердің бір тобы гендерлік стереотиптерді бұзады, мәжбүрлі көші-қон, баспана іздеу және азаматтық құқықтар сынды өзекті жаһандық мәселелерді қарастырады, балалар мен жасөспірімдердің осы тақырыптарды ертегілер арқылы түсінуіне мүмкіндік береді.
"Жинақтың басты мақсаты – кішкентай балдырғандарға ғибрат ұсыну, танымдық өрістерін кеңейту, эстетикалық аймағын ақаусыз ету, тілін дамыту, сөздік қорын байыту. Осы ертегілердің өзегін аллегориялық сипат алатын аң мен құс, жануарлар туралы сюжеттер құрайды, дей тұрғанмен туындылар классикалық сарында емес, жинақтағы аңдар мен құстар заманымыздағы болып жатқан әлеуметтік қиындықтармен күресіп, экология мен жаһандық бейбітшілік мүддесіне жақтасып үн қатады", – деп жазылған ақпаратта.
"Шұғылалы ертегілер" хикаялары Qonzhyq қолданбасында аудио форматта да қолжетімді. Ал кітап оқуды ұнататындар үшін жинақ жақын арада кітап дүкендерінде сатылымға шығады деп күтілуде.
Оқи отырыңыз: Балаларға арналған "Самғар күнделігі" кітабы жарық көрді. Оның желісімен мультсериал түсірілмек
Айта кетейік, бұл кітап – БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі, БҰҰ Халық қоныстану қоры (UNFPA), "БҰҰ-әйелдер" құрылымы, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі агенттігі және "Шеврон" энергетикалық компаниясының бірлескен жобасы. Кітаптың баспа серіктесі ұзақ уақыт бойы өзін қазақ тіліндегі кітаптардың жетекші баспагері ретінде танытқан (басқа көптеген бестселлер арасында «Хәрри Поттер» тұңғыш рет мемлекеттік тілге аударылған) Steppe & World Publishing баспасы болды.