Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров Rainman атанған Алтай Айнабекке қатысты пікір білдіріп, Солтүстік Арал теңізіндегі су көлемі қалай артқанына қатысты түсініктеме берді. 

Оның айтуынша, бір адамның күш-жігерімен ғана жылдар бойы су тапшылығы мәселесіне ұшыраған теңізді бірнеше айда ғана суға толтыру мүмкін емес. 

"Солтүстік Аралда су көлемінің ұлғаюы жеке бір азаматтың емес, су шаруашылығы қызметкерлерінің көп жылдық жұмысының нәтижесі. Теңізді қалпына келтіру жобасының бірінші кезеңі 2002 жылы басталып, 2008 жылы аяқталды. Оның нәтижесінде Көкарал бөгеті салынды. Ұзындығы 13 шақырым болатын гидротехникалық құрылыс Солтүстік Аралдағы су деңгейін реттейді. Яғни, біз бұл жұмысты 10 жылдан артық уақыт бойы істеп келеміз. Жобаның бірінші кезеңі өзінің тиімділігін көрсетті, өйткені ол аяқталғаннан бері Солтүстік Арал теңізіндегі су көлемі 42%-ға ұлғайды", – деді Нұрлан Алдамжаров. 

Вице-министр 2023 жылдан бері байқалған Арал теңізіндегі су көлемінің ұлғаюы, ең алдымен, Сырдария өзені бойынша ағынның ұлғаюымен байланысты екенін атап өтті. 


Оқи отырыңыз: Глава Минэкологии о "человеке дождя" и восстановлении Арала: Не имеет доказательств


"Бұл суды сауатты бөлудің, су дипломатиясының, атап айтқанда, Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімізбен келіссөздер мен келісілген жұмыстың нәтижесі. Су бөлу туралы айтақанда бұл жерде тасқын суы еместігін ескерген жөн. Оңтүстікте тасқын суы мол болған жоқ. Бұл қолда бар су ресурстарын қайта бөлу туралы сөз. Мысалы, былтыр суару маусымында Сырдария өзені арқылы Қазақстанға келісілген 3,7 млрд текше метрдің орнына 4,8 млрд текше метрден астам су келді. Бұл Арал теңізіне суару кезеңі үшін рекордтық көлемде – шамамен 1 млрд текше метр су жіберуге мүмкіндік берді", – деп атап өтті вице-министр. 

Сондай-ақ, Қызылорда облысының шаруалары биыл 200 млн текше метрден астам су үнемдеді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің "Қазсушар" кәсіпорнының жергілікті филиалы ол суды да Солтүстік Аралға жіберді. 

Еске салайық, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің Арал ауданының тұрғындарымен кездесінде тұрғындар тарапынан Алтай Айнабекке қатысты бірқатар сұрақ қойылған болатын.