Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысында жаңа аудандардың құрылуын көздейтін президент жарлығының жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды. 

Жобаға сәйкес, Шығыс Қазақстан облысында:

  • Катонқарағай ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Үлкен Нарын ауылында орналасатын Үлкен Нарын ауданы;
  • Күршім ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Марқакөл ауылында орналасатын Марқакөл ауданы құрылады. 

Үлкен Нарын ауылы бұған дейін Катонқарағай ауданының орталығы болып келген. Енді аудан орталығы Катонқарағай ауылына көшіріледі. 

Сондай-ақ, Абай облысында

  • Үржар ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Мақаншы ауылында орналасатын Мақаншы ауданы;
  • Семей қаласының құрамынан Абралы, Айнабұлақ, Ақбұлақ, Алғабас, Ертіс, Новобаженово, Озерки, Приречный, Жиенәлі, Достық, Қараөлең, Көкентау ауылдық округтері мен Шүлбі, Шаған кенттерін бөлу жолымен Семей қаласының аумағында әкімшілік ғимараттарды орналастыра отырып Жаңасемей ауданы құрылады. 

Оқи отырыңыз: Қатонқарағай ұлттық паркінде жаңартылған туристік маршрут ашылды


"Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысындағы жаңа аудандарды қалпына келтіру және қалыптастыру жаңадан қалпына келтірілген және құрылған аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қуатты серпін береді", – делінген Ұлттық экономика министрлігінің түсіндірме жазбасында. 

Еске салайық, Марқакөл ауданы 1928-1930, 1939-1963 және 1964-1997 жылдары болса, Мақаншы ауданы 1928-1930, 1935-1963 және 1969-1997 жылдары жеке аудан болған еді. Ал Үлкен Нарын және Жаңасемей аудандары тұңғыш құрылады.