СҚО-да "Компания Диорит LTD" жұмысшылары екі айдан бері үстемақысын ала алмай жүр
Компания есепшісі үстемақының 15 мамырға дейін төленетінін айтты.Солтүстік Қазақстан облысында қиыршық тас карьерінің жұмысшылары екі айдан бері 8 сағаттан артық жұмыс істегендері үшін үстемақыларын ала алмай жүр. "Диорит LTD" серіктестігі жұмыскерлерінің айтуынша, жаңа басшы келгелі ұжымнан береке кеткен. Жалақы уақытында төленбейді, төленсе толық өтелмейді. Артық жұмыс уақыты үшін де үстемеақы берілмейді. Ал талабын айтқандарды басшылық жұмыстан босатуға дайын дейді жиналғандар. Тіпті оннан артық адам нанын тауып, жан бағып отырған жерінен кетуге мәжбүр болғанын айтады, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Осы жерде 5 жыл жұмыс істедім. Қарапайым жұмысшымын. Жаңадан келген басшылық мені жұмыстан шығарып жіберді. Сәуірде жалақыны көтеруін, демалыс күндерінің, артық жұмыс істеген уақытымыздың ақысын төлеуін сұрап едім, боссың деп шығарып тастады", – деді "Компания Диорит LTD" ЖШС бұрынғы жұмысшысы Артур Дирюгин.
Халық жұмыс ауыр болса да табыс тауып, отбасын асырап отырған жерден кеткісі келмейді. Өйткені ауыл тұрғындарының басым бөлігін жұмыспен қамтып отырған осы зауыт. Үстемақы болмаса жалақымыз тіптен аз шығады, дейді жиналғандар.
Оқи отырыңыз: Жұмыстан айырылу төлеміне өтінішті телефон қосымшасы арқылы беруге болады
"Бұрынғы басшы кезінде мұндай мәселе болған жоқ еді. Штат толық болды. Артық жұмыс істегеніміз үшін өткен және осы айдың ақшасын алған жоқпыз. Сол үшін жұмысшылар өз еріктерімен кетуге мәжбүр. Мысалы бір ауысымда жұмыс істейтін бір үйдің 3 адамы жұмыстан шығып кетті. Зауыт дамудың орнына жұмысы тұралап жатыр", – деді "Компания Диорит LTD" ЖШС жұмысшысы Дмитрий Мурадов.
Бұл жолы да жұмысшылардың жалақысы әдеттегіден 20-30 мың теңге кем түскен. Үстемақы тағы жоқ. "Компания Диорит LTD" серіктестігінің басшысы сұхбат беруден бас тартты. Ал зауыттың Алматыдағы басты кеңсесіндегілер жұмысшылардың мәселесін шұғыл шешеміз, деді. Мұнымен қатар, жаңа басшының мәселесін де қарайтындарын жеткізді.
"Бухгалтерлік құжаттарды зерделеп, қызметкерлердің жалақысы дұрыс төленгенін хабарлаймын. Бірақ қосымша жұмыс уақыт кестесі есепке алынбағандықтан, 15-20 мың теңге көлеміндегі айырмашылық пайда болған. Бұл айырмашылық 2023 жылдың 15 мамырына дейін толықтай төленеді", – деді "Компания Диорит LTD" ЖШС есепшісі Гаухар Закирова.
Оқи отырыңыз: Тоқаев әкім, депутат және үкімет мүшелерінің жалақысын көтеруге 5 жылдық мораторий жариялады
Егер талап орындалмаса, тұрғындар мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгіне алады. Мамандар жұмысшылардың арызын қабылдап, заң жүзінде тиісті шаралар қолданады.